Дәрігерлерді қолдау акциясы

Атырауда «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы басталды
Бұл туралы Атырау облысының коммуникациялар қызметі хабарлады.
4 айға жуық уақыт бойы өз өмірін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырына айналған абзал жандарға жастар атынан алғыс білдіру бұл акцияның негізгі мақсаты.⠀
Аталмыш шара аясында еріктілер 500-ден астам денсаулық себетін дайындаған. Ол аудандарға да жеткізілетін болады. Акцияның алғашқы күні 100 дәрігерге иммунитетті арттыру және нығайтуға арналған өнімдерден құралған денсаулық себеті табыс етілді. ⠀
– Жаһанды шарпыған COVID-19 індеті ешкімді бей-жай қалдырып жатқан жоқ. Әсіресе, алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген ақ халатты батырларымызға оңай емес. Оларға аз да болсын көмегіміз тисін деген ниетпен осы акциямызды ұйымдастырып отырмыз, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Гилажев.
Акцияның бірінші күні жасотандық еріктілер облыстық аурухана мен №2 жұқпалы аурулар ауруханасына денсаулық жиынтығын табыстады.