Карантинге қарайтын ел байқалмайды

Атырау облысында бір аптада карантин режимі 334 рет бұзылған. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қатаңдатылған карантин басталғалы Атырау облысында санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингтік топ рейтдік іс-шараларды күнделікті жүргізіп жүр.
11-17 шілде аралығында Атырау қаласы мен жеті ауданда ұйымдастырылған рейд барысында бір аптада 334 карантин режимін бұзу анықталды.
Азық-түлік дүкені, кафелер мен мейрамханалар тексеріліп, тұрғындардың санитарлық талаптарды орындамауына қатысты 46 факті тіркелсе, үйлерінде адам жинап, жиын-той, садақа өткізген 14 отбасы анықталды. Мониторингтік топтың мәліметінше, олардың барлығы дерлік Жылыой ауданында белгілі болған.
Ең көп анықталған 187 факті жеке тұлғаның талаптарды сақтамауына байланысты. Дәрі-дәрмектердің бағасының негізсіз өсіуіне қатысты да біраз дерек бар.
– Тексеріс шаралары кезінде Атырау облысында дәрі-дәрмектің шекті бағасын сақталуын бақылау бойынша мобилді топ 50-ге жуық дәріхананы тексерді. Нәтижесінде, облыс дәріханаларында шекті бағадан асатын бағамен дәрі-дәрмектер сатылғаны анықталды. Анықталған жағдайлар бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады, – деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов.