Бас киім сатып сотталатын болды

«Қарасора-2020» жедел шара барысында Атырау қаласында полиция қызметкерлері есірткі заттарын жарнамалаған азаматты ұстады. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабар таратты. 

Хабарда Жамбыл облысы тұрғынының қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде есірткі заттары бейнеленген тауарларды сатқаны айтылған.

62-жастағы азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 423 бабы 1 бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» бойынша хаттама рәсімделіп, сотқа жолданды.

Сот шешімімен сатушы азаматқа 150 АЕК мөлшерінде, яғни 416 700 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, полиция департаментінің әлеуметтік желіде жариялаған хабарында қарасора бейнеленген бас киімдердің суреті салынған.