Облыс әкімі Медицина күнімен құттықтады

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады. 

 

Құрметті медицина саласы қызметкерлері!

Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.

Қазір сіздер шын мәнінде мылтықсыз майдандасыздар. Осындай қиын-қыстау кезеңде қоғам үшін табандылық пен биік рухтың үлгісі бола білдіңіздер.

Өз өмірлеріңізге қауіп төнгеніне қарамастан, ұлт денсаулығы үшін үлкен ерлік жасап жатырсыздар. Әр күнгі жанкешті еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Бір сөзбен, сіздер бүгінгінің қаһарманына айналдыңыздар!

Облысымызда коронавирус індетіне қарсы күреске мыңнан аса медицина қызметкері жұмылдырылды. Олар жақындарынан жырақта жүріп, қиындықтарға қарамастан ерен еңбек етуде.

Ал осындай абзал жандарға қоғамның да, мемлекеттің де қолдау көрсетуі заңды! Әрі бұл — біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсетілуде. Соған сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысы артты және қосымша үстемақы төленуде. Облыстық деңгейде де тиісті қолдаулар көрсетіліп, бизнес саласы арқылы демеу жасалды.

Cіздерді қалай мақтасақ та, сіздерге қандай жағдай жасасақ та жарасады. Өйткені, Қазақстан медицинасының ерлікке толы жаңа тарихын жазып жатырсыздар. Халқымыз өздеріңізге үміт артып, тақым қысып, тілеулеріңізді тілеп отыр.

Айлап үйлерін көрмей, індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің отбасыларына да алғысымыз шексіз. Олардың шыдамдылығы — Отанға деген жанашырлықтың белгісі.

Ең алдымен, өздеріңіз аса сақ болыңыздар. Өйткені, әрбіріңіздің орныңыз біз үшін ерекше маңызға ие.

Баршаңызды тағы да бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін! Қиындықты еңсеру жолындағы еселі еңбектеріңіз бен темірдей төзімділіктеріңіз үшін мың алғыс!

Отбасыларыңызбен тез қауышуларыңызды тілеймін!

Сіздерге облыс халқы мен өз атымнан шексіз алғысымды білдіремін! Біз бұл сынақтан да бірге өтерімізге сенемін!

 

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов