Атырау облысының әкімі екпе салдырды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Спутник-V» екпесін салдырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Жазбада былай делінген:
Қайырлы күн, құрметті жерлестер!
Бүгін «Геолог емханасына» барып, коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Дәрігерлеріміз алдымен тіркеуден өткізіп, дене қызуым мен қан қысымымды өлшеуден бастап толық медициналық тексеру жасады. Одан кейін ғана Қарағанды фармацевтика зауытында шығарылған «Спутник-V» вакцинасын салдырттым.
Вакцинадан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай жанама әсерлері байқалған жоқ. Мамандар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстап, күтініп әрі сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес берді.
Бүгін жексенбі екеніне қарамастан, емханаға вакцина алушылар келіп жатқанын көрдім. Дәрігерлер халықтың жас-кәрі демей вакцина алуға деген белсенділігі жақсы екенін айтып отыр.
Құрметті жерлестер!
Вакцина алу арқылы ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, қауіпті індеттен толық құтылатынымызды түсінгендеріңіз маңызды. Қазір өңіріміз қызыл аймақта тұр. Сақтық талаптарын сақтай отырып, сіздерді де вакцина алуға шақырамын.
Жақындарамыз бен айналамыздағыларды қорғау да, өздеріңіздің қорғануларыңыз үшін де — коронавирусқа қарсы вакцина алу өте маңызды.
Қауіпті індетпен күрісіп әрі вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығына алғысымды білдіремін.