Заң - 09.10.2023

Жер қатынастары саласында алаяқтық жасағандары үшін сотталды

Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық фактісі бойынша (ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігі) мемлекеттік сот орындаушы М.З.-ға және жеке тұлғалар Р.Н. мен Д.С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» 

Сотпен анықталғандай, мемлекеттік сот орындаушы М.З. қызмет бабын пайдалана отырып, бұрын сотталған Р.Н.-мен және оның бұрынғы жұбайы Д.С.-пен бірнеше рет мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін көрінеу жалған сатып алу-сату шарттарын жасасу арқылы мемлекет меншігінен шығарып, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен заңсыз үшінші тұлғаларға сату арқылы мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Сот отырысында процестік келісім жасақтау туралы өтінішхат берілген. Аталған өтінішхат қанағаттандырылып, прокурор мен сотталушы арасында процестік келісім жасақталған.

Үкім келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды.

М.З. кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Р.Н. кінәлі деп танылып, оған коммерциялық немесе өзге ұйымдарда басқару функцияларын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚК-тің 60-бабы 1-бөлігінің негізінде үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталғандардың балалары 14 жасқа толғанға дейін жазаларын өтеуі кейінге қалдырылды.

Д.С. кінәлі деп танылып, оған коммерциялық немесе өзге ұйымдарда басқару функцияларын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Дереккөз: Атырау облыстық сотының ресми сайты.

Фото egemen.kz сайтынан алынды.