Жылыой ауданындағы 5 ауылға жол салына бастады

Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген, Қосшағыл және Тұрғызба ауылдарына ауылішілік жол салына бастады, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шоқпартоғай, Майкөмген, Тұрғызба ауылдарына 3,4, Ақкиізтоғайға 3,8, Қосшағыл ауылына 2,4 шақырым жол салынады. Ауылдардағы жол салу жұмыстарымен айналысатын мердігер мекемелер — «Армандастар Атырау» ЖШС және «Казкомсервис» ЖШС.

— Ауылішілік жол салу жұмыстары биыл қыркүйек айында басталды, 2024 жылдың жаз айларында аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда жері тегістеліп, құм қиыршық тас (ПГС) қоспасы толықтай төселді. Енді қиыршақ тас (щебень) төсеу жұмыстары басталуда,-деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бекет Бозжігітов.

Оның айтуынша, бұған дейін Қосшағыл ауылында 9,5 шақырым, Ақкиізтоғайда 700 метр, Тұрғызбада 7 шақырым, Шоқпартоғай ауылында 10,8 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген еді.

Айта кетейік, аталған ауылдық округтерде 13 мыңнан астам тұрғын бар.