Жылыой ауданының 95 жылдығы аталып өтті

Биыл Жылыой ауданының құрылғанына – 95 жыл, Құлсары қаласына – 22 жыл. Қос мерейтой аясында Құлсары қаласында гала концерт өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шараға қатысқан аудан басшысы Жұмабек Қаражанов барша жылыойлықтарды құттықтап, сөз сөйледі:

«Баршаңызды бүгінгі ауданымыздың төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мұнайлы өлкеміздің бақ-­берекесі артып, жаңғырып, жайнай берсін! Біздің аудан ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған үлкен аудан. Алдағы уақытта да 95 жылдық тарихы бар Жылыой ауданы ел дамуының басым бағыттарын жүзеге асыруға үлес қоса беретініне сенемін.»

Іс-шара «Көш керуен Құлсары – құтты бесігім» атты театрландырылған хореографиялық қойылыммен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты.

Мерекелік кешті жылыойлық танымал актер Жанболат Найзабеков жүргізді. Сондай-ақ Жылыой ауданының танымал жұлдыздары Нұрболат Қанай (Qanay), Игілік Оразалы-Инабат Ризабекова, Қайрат Жұмағалиев, Байбақты Ідірбай және ҚР эстрада жұлдызы Әділет Жауғашар мен Ернар Садирбаев (Әмре) өнер көрсетті.

Кеш соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылды.

Айта кету керек, Жылыой ауданының 95 жылдығын тойлауға арналған мерекелік іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді.