Жылыой ауданында спорт және ойын алаңдары салынды

Жаңа Қаратон кентінде «Айым» және «Чебурашка» деп аталатын екі ойын алаңы, Қосшағыл ауылында «Street Workout» және «Мерей» ойын алаңы ашылды. Сонымен қатар, Құлсары қаласына қарасты Қарағай ауылының балалары да «Балдырған» атты жаңа алаңда ойнайтын болды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

180-ге жуық отбасы тұратын Қосшағыл ауылының Д.Шығайұлы көшесінің тұрғындары үшін бұған дейін балаларға арналған ойын, спорт алаңдары болмаған еді. Биыл «Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасы аясында тұрғындар күш біріктіріп, алаңдар салуды ұйғарған.

— Біздің ауылда балалар саны 150-ге жуық. Мақсатымыз — балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен айналысуы үшін жағдай жасау. Ауылымызда 150 шаршы метр жерді құрайтын алаңды балалар ойын алаңына және көше жаттығу алаңына арнап жабдықтауды ойластырдық. Осылайша біздің жоспарымыз «Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасы аясында тұрғындардың бірігуімен жүзеге асты,-деді жоба жетекшісі Масаты Асабаева.

Сондай-ақ, Жаңа Қаратон кентінің белсенді азаматтары көптен күткен балалар ойын алаңдарына қол жеткізіп, халық игілігіне тапсырды.

— Біз 2000 жылы Жаңа Қаратон кентіне көшіп келгенбіз. Көшемізде шамамен  330 адам бар. Оның 110-ы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар. Міне, ынталы топпен қатар ерікті тұрғындардың атсалысуы арқасында, «Qoǵamdyq keńistikter» жобасына қатысу арқылы ойын алаңына қол жеткіздік,- деді жоба жетекшісі Хангелді Булебаев.

Еске салайық, жаңа қоғамдық орындар салу «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен құрылған «Qogamdyq кenistikter» жобасы арқылы жүзеге асып отыр.