Атырауда алғаш рет волейболдан қыздар арасындағы турнир басталды

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы волейболдан 2009-2010 жылғы қыздар командалары арасындағы республикалық турнирдің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты шарада облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дастанбек Қоспанов спортшыларға сәттілік тіледі.

— Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Қыздар арасындағы ауқымды турнирді алғаш рет өткізіп отырмыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен нағыз мықтыны анықтауға жас спортшылар келді. Ойын өтетін алаңның барлығы сақадай сай. Бүгінгі спортшыларға сәттілік тілеймін. Ең үздік команда жеңіске жетсін,- деді Д.Қоспанов.

Жарысқа Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе,  Маңғыстау және Атырау облысынан барлығы 14 команда 150-ге жуық спортшы қатысуда.

Айта кетейік, аталған турнир қазанның 19-ына дейін жалғасады.