Кореялық консул Полиция департаментіне келді
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы Оразбаев Оңтүстік Корея Республикасының ҚР Елшілігінің қауіпсіздік жөніндегі консулы Чжи Хэ Сунмен кездесті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Кездесу барысында Атырау өңірінде тұрақты тұратын Корея Республикасының азаматтарының жазатайым оқиғалардан сақтануы бағытында қабылданатын елшілік шаралары айтылды. ҚР Көші-қоны саласындағы заңнама талаптарының қатаң сақталуы күн тәртібінен түспейтіні түсіндірілді.
Сонымен қатар, тараптар мамандарды даярлау саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Қауіп-қатерлердің, құқықбұзушылықтардың алдын-алу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Департамент бастығы қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың маңызын түсіндірді.