Атырауда азаматтық істер бойынша 624 талап қою арызы тіркелген
Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне жыл басынан бері 624 талап қою арызы келіп түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш биыл 280 арызға, яғни, 44,9%-ға көбейген. Бұл туралы Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат Хабаров мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сотқа келіп түскен арыз, талап қою арыздардарының басым бөлігі ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу жөнінде және некені бұзу, сондай-ақ сот бұйрығын шығару жөнінде. Оның 350-і қозғалған, 117-сі кері қайтарылып, 14 арыз қабылдаудан бас тартылған.
— Жалпы жыл басынан бері бізге келіп түскен арыз саны былтырғымен салыстырғанда 44,9%-ға көбейіп отыр. Оның басты себебі заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты. Атап айтқанда, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сотқа 307 талап қою арызы түссе, тек қыркүйек айының өзінде 317 талап қою арызы қабылданған. Яғни, барлығын қоса есептегенде, жалпы саны 624 талап қою арызы түсіп отыр. Енді сот өндірісіне келіп түскен арыздың 348-і қаралып, аяқталған. Оның ішінде 134 азаматтық іс, яғни, 38,5%-ы шешім шығарумен аяқталған. Ал қалған 63 іс тоқтатылып, 57 іс қараусыз қалдырылған. Сондай-ақ 8 іс соттылығы бойынша жолданған, — деді Ж.Хабаров.
Шешім шығарумен қаралған азаматтық істердің 70,9%-ы қанағаттандырылған, ал 29,1% қанағаттандырудан бас тартылған. Сәйкесінше, тоқтатылған 63 істің 1,6%-ы татуласу келісімімен, 95,2%-ы медиативтік келісіммен аяқталған.
Дереккөз: БАТЫС.ИНФО