Аймақ - Экология - 23.10.2023

Атырауда «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» республикалық акциясы өтті

Акцияға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері мен тұрғындардан 300-ге жуық адам қатысты. Олар қаладағы Жаңаталап ауылындағы тас жолдың бойына 1 000 дана ағаш көшет екті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сенбілікте үйеңкі, қарағаш, шаған сынды Атырау қаласының климатына төзімді ағаштар отырғызылды.

Жаңаталап ауылындағы тас жолдың бойына қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жоспарына сәйкес биыл 4000 көшет отырғылады. Ағаштарды суару, арам шөптен тазарту сынды күтіп-ұстау жұмыстарын «Атырау қаласын көгалдандыру» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша «Каспийдормостострой» ЖШС жүргізеді.

Жалпы Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған Өңірлік жоспары аясында 275 га. аумаққа 540 000 ағаш отырғызылады. Биылғы жоспарға сәйкес 54,7 га. жерге 111 042 ағаш отырғызу жоспарланып, көктемгі науқанда 18 га. жерге 19 500 ағаш көшет отырғызылды. Қалған жұмыстар күзгі науқанда жүргізіледі. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов мәлім етті.

— Сонымен қатар Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайту Кешендік жоспары бойынша 5 жыл ішінде 2803 гектар орман алқабына барлығы 7 миллион екпе отырғызу жоспарға енді. Соған сәйкес 2023 жылы 573,5 гектар жерге 1439 мың ағаш көшетін отырғызу қажеттілігі бар. Көктемгі науқанда 361,5 га жерге 931 мың көшет отырғызылды. Қазіргі уақытта күзгі науқан басталып, жұмыстар жалғасып жатыр,-деді Н.Жантоқов.

Айта кету керек, Атырауда 25 қазан — Республика күніне орай «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» республикалық экологиялық сенбілік акциясы өтті. Оған қатысушылар қаладағы Самал ықшамауданы 1-көшеге, Ноғай зиратының жанына және Аламан базары маңына тазалық жұмыстарын жүргізді.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО