Махамбеттегі жағдай тұрақты
Бүгінде Махамбет ауданының орталығында төрт, әр ауылында бір мобильді жедел топ тұрғындардың хабарламасы арқылы үйлеріне барып, оларға медициналық көмек көрсетуде. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Махамбет аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елдос Қыдырсиықовтың айтуынша, қазіргі уақытта ауданда короновирус инфекциясымен ауруханаға түскендер саны азайған.
— Маусым айының соңы мен шілде айының басында ем қабылдап жатқан науқастар саны 50 адам болса, қазіргі уақытта короновирустың симптомды түрімен 7 науқас ем алуда. Жағдайлары бірқалыпты. 40 орындық провизорлық стационарды қысқартып, қазір 10 кереует қалдырдық. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Пандемияның екінші толқынына дайын болуымыз керек. Дәрілік қор жасақтаудамыз, — дейді Елдос Қыдырсиықов.
Карантин жағдайы біткен соң аудан емханасы офлайн режимге өтуге дайын. Соған қарамастан ірі қалаларға, облыс орталығына квота бойынша емделуге науқастар жіберіле бастаса, хирургиялық жағдай мен жүкті әйелдер үшін емхана жанынан құрылған жедел топтар тәулік бойы қызмет етуде.
Қазіргі уақытта ауданға қарасты Сарайшық ауылындағы дəрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Аудандарда да температура түсіретін дәрілік заттар, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар короновирустың симптомды түрімен ауырып жатқандарға тегін берілуде. Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен әкелінген оттегі концентраторлары әр ауылдық амбулаториялық пункттерге жіберілген.