Балаева екі порталды іске қосты

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталы» және «Мемлекеттік БАҚ порталы» деп аталатын екі жаңа порталды іске қосты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталында» (http://program.2gov.kz/) мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы мен кезеңдері туралы, оларға жауапты және бақылайтын органдар туралы барлық ақпараттар, мультимедиялық мазмұндағы нұсқаулықтар, инфографикалар орналастырылады.
Порталдың мазмұны үнемі жаңартылып отырады және жақын арада оның Youtube-тегі арнайы арнамен бірігуі жүзеге асады.
«Мемлекеттік БАҚ порталы» күн сайын (http://news.2gov.kz) Қазақстанның барлық өңірінен ресми ақпараттарды, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жаңалықтарын жариялайды. Осы БАҚ арқылы оқырмандар мен журналистер бастапқы дереккөздерден ақпарат алып, пайдалана алады.