Балалар сабақты үйден оқиды
Облысымыздың оқушылары қыркүйектен бастап қашықтан оқиды. Бұл туралы Атырау облысының коммуникациялар қызметі хабарлады.
— Шалғайдағы ауылдық мектептер мен кезекші сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша мектеп қабырғасында өткізілетін сабақтарға қатыса алады. Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет, Исатай және Индер аудандарында 26 шағын жинақты мектеп бар. Ондағы оқушылар саны – 1853. Балалар бір кабинетте 10-15 адамнан ауысым бойынша оқиды, оқушылар үзіліске әртүрлі уақытта шығады. Сондай-ақ, мектепке кірер алдында әр оқушының температурасы өлшенетін болады, — дейді Атырау облысы білім беру басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Биманова.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да өткен брифингте шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1-қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан оқытылатынын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Атырау облысында жаңа оқу жылында 131 мыңнан астам оқушы білім алады.