Жайыққа бекіре шабақтары жіберілуде

Жайық өзеніне 7 млн.-нан астам бекіретұқымдас балықтың шабағы жіберілді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Бекіре тұқымдас балық түрлерін сақтау және оларды тұрақты пайдалануды реттеу мақсатында балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мен «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты Жайық өзеніне 7 млн.-нан аса бекіретұқымдас балықтың шабағын жіберді.
2020 жылғы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 75 млн. дана құнды балық түрлерінің шабақтарын табиғи ортасына жіберу көзделіп отыр, — деп жазды Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, жыл басынан бері республиканың су қоймаларына 51,5 млн.-нан аса құнды балық түрлерінің шабақтары жіберілді, оның ішінде 7 млн.-нан астам бекіре тұқымдас балық бар. Мемлекеттік тапсырысты қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.