Азия ойындарының жүлдегерлері мектеп оқушыларымен кездесті

Бүгін Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінде Азия ойындарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Эсмигуль Куюлова мектеп оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Спорт немесе білім саласындағы жетістік ерен еңбекті талап етеді. Оқуда үздік болыңыздар. Ата-ананың үмітін ақтай отырып, ауыр жауапкершілік арқалай біліңіздер. Жеңістің дәмін сүрінуден, құлаудан, қайта тұрудан кейін тата аласыздар. Ешқашан мойымаңыздар!- деді Ә.Әбужақынова.

Кейін оқушылар қос жүлдегерге сұрақтар қойып, жауаптарын естіді. Естелік фотосуретке түсіп, жеңімпаздардан қолтаңба алды.

Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова — қазақ қыздары арасында алғаш рет әлем чемпионатында топ жарған дзюдошы. ХІХ жазғы Азия ойындарының күміс медаль иегері. Ал Эсмигуль Куюлова — ХІХ жазғы Азия ойындарының дзюдодан қола жүлдегері.