Жаңалықтар - 29.10.2023

Атыраулық жастар Перизат Мырзахметпен кездесті

«Жеті Жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Телехикалар өндірісі жөніндегі департамент жетекшісі, блогер Перизат Мырзахмет атыраулық жастармен кездесті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Кездесуде медиа сауаттылық тақырыбында әңгіме өрбіді. Әсіресе қазіргі уақытта Қазақ киноиндустриясына үлкен серпіліс жасаған «Міржақып. Оян, қазақ фильмі!» және алдағы уақытта көрсетілетін телеарнадағы жобалар туралы әңгіме қозғалды.

— Жастар білімнің құндылығын ұғынуы керек. Адамның білім сапасы артқан сайын, тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Ой-өріс әлеуметтік желімен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Халық сізді ізденіп жүріп оқитындай дүние жасаңыздар,- деді П.Мырзахмет.

Кездесуде қатысушылар телеарна бағытында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өз ой-пірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, Перизат Мырзахмет отандық телеарналардағы бірқатар жобаның сценарисі, продюсер, көптеген веб-сериалдардың және «Өмірдің аты – М» кітабының авторы.