ҰБТ ережесін 164 адам бұзған
ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күнінде 164 түлек емтиханның ережесін бұзып, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген ол 21 маусым күні Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің 15 өңірінде басталып, 161 пункттің 51-інде өткенін жеткізді. Оның 44-і ауылдық жерде орналасқан. Жалпы, ҰБТ-ның алғашқы күні барлығы 6 512 адам тестілеуге қатысуға өтініш бергенмен, емтиханға 6 186 адам келген екен.
— Ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар табылғанына байланысты 21 маусым күні республика бойынша 73 тестіленуші ҰБТ-ға жіберілмеді. Ал 91 тест тапсырушы ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Былтыр барлық тестілеу мерзімінде тәртіп 24 рет бұзылған еді, — деді Наужан Дидарбекова.
ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ҰБТ-ны сапалы және объективті өткізу мақсатында еліміздің барлық аймағына министрліктің 2 500 өкілі жіберілген.