Әлем - 23.09.2023

Украина шабуылға шықты

Украина қарулы күштері Ресейдің Қырымда орналасқан негізгі әскери орталығын атқылап, нәтижесінде, бір адамның із-түссіз жоғалғанын хабарлады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО сайты.

Шабуылдың болғанын Киев ресми түрде мойындады. Украина әуе күштерінің командирі Николай Олещук Ресейдің Севастопольдегі Қара теңіз флотының штабын дәл көздеген ұшқыштарға алғыс білдірді.

Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуылдан кейін, кем дегенде, бір сарбаздың жоғалып кеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Қара теңіз флотының штабы орналасқан тарихи ғимараттың қирағаны белгілі болды. Ресейлік БАҚ өкілдері алты адамның жарақат алғанын жарыса жазуда.

Ресей қарулы күштері де қарап қалмай, Украинаның бірнеше облысын зымыранмен атқылады. Оның ішінде Киев өңірі де бар. Соққыдан жарақаттанғандар көп кездеседі. Черкассы қаласында қонақүй қирап, базар өртенсе, Харьков аймағында қоймалардың біріне залал келген. Сонымен қатар, ел астанасының кейбір аудандарында да бірлі-жарым ғимараттың қирағаны айтылады.

Украина прокуратурасы жұма күні Херсон қаласының артиллериямен атқыланғанын мәлім етті. Көпқабатты үй мен жатақхана соққының астында қалған. Соның кесірінен, кем дегенде, үш бейбіт тұрғын көз жұмып, бесеуі жарақат алыпты. Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі әдеттегідей әскери орындарды нысанаға алғанын және Украина жауынгерлерінің қаза тапқанын айтып хабар таратты.