Соғыс кезінде Сербияда қаза тапқан жерлестеріміз анықталды

Жақында 1944–1945 жылдары Сербия жерінде опат болған жерлестеріміздің есімдері белгілі болды. Ұзын саны – Қазақстанның әр түкіпірінен шақырылған 198 жауынгер. Олардың барлығы, негізінен, соғыстың соңғы жылдары ұрыс даласында немесе госпитальдарда көз жұмғандар.

Соғыста қаза тапқан жерлестерімізді анықтау ісімен «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі айналысып жүр. Нақтырақ айтқанда, олар ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропа аумағында қаза тапқан қазақстандықтардың аты-жөндері мен жерленген жерлерін анықтау үшін жұмысқа бел шеше кіріскен.

«Бұған дейін Норвегия, Нидерланды, Венгрия және басқа да елдердің топырағы бұйырған қазақстандықтардың аты-жөндерін анықтаған едік. Қазір олардың Қазақстанда қалған ұрпақтары мен туған-туыстарын іздестіруді бастап кеттік. Бұдан бөлек, кезінде кескілескен ұрыстар жүрген майдан даласындағы қазба жұмыстары барысында табылған 16 майдангердің сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жер қойнына тапсырдық. Қазіргі таңда Ресейден тағы да 12 отандасымыздың мәйітін туған топыраққа жеткізіп, жерлеудің қамында жүрміз» дейді «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Табылған мәйіттердің ішінде атыраулықтар да бар. Олар:

Коржбаев Издван Коловаевич, 1924 жылы туған, Гурьев облысы, Шевченко ауданы, Порт Шевченко

Карташев Иван Дмитриевич, 1924 жылы туған, Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Сорочинко

Аристанбаев Каинидир, 1913 жылы туған, Гурьев облысы, Платовниский

Шакиров Урим Боркимбекович, туған жылы белгісіз, Гурьев облысы, Жилокосинский ауданы, Яретубинский

Айсиев Машрак Калдубаевич, 1924 жылы туған, Гурьев облысы, Жилоксинский ауданы, Құлсары