Археологтар көшпенділердің ерекше қабірін тапты

Ресейлік археологтар Волгоград қаласына жақын маңдағы қорғандардың бірінен көшпенділерге тиесілі қабірді тапты. Ғалымдар оны біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырда өмір сүрген сармат тайпасының бейіті деген болжам жасап үлгерді. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО сайты хабарлайды.

Қабірді қазу барысында бірнеше зат табылған. Оның ішінде алтынмен әдіптелген киім-кешек, білезіктер, қылыш, жебе толы қорамса, сондай-ақ, күміс пен қоладан жасалған ыдыс-аяқ және күнделікті өмірге қажетті ірілі-ұсақты бұйымдар болған. Ғалымдар табылған олжаны қайталанбас олжаға балап отыр.

«Қабірлердің бірінен қаруы бар жауынгердің сүйектері шықты. Қасында қоладан дайындалған қазан мен керамикалық ыдыс бар. Сарбаздың алтыннан құйылған салмақты білезігіне қарап көп қараның бірі емес екенін білуге болады» дейді археолог Евгений Хрипунов.

Табылған заттар жергілікті тарихи-өлкетану музейіне табысталған. Ал археологтар бұл қорғанды «Алтын капсула» атап кеткен.

Мамандардың айтуынша, осы өңірде археология саласындағы дәл мұндай қомақты табыс өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары болған екен.