Қатарынан жиырма рет жеңілген әйелдер құрамасы бір ұпай еншіледі

Қазақстандық футболшылар Эстония құрамасымен тең түсіп, 20 жеңіліске созылған серияға нүкте қойды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО сайты хабарлады.

Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында Эстония қыздарымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады. Бұл – ұлттық құрама ойыншыларының ресми ойындарда 2018 жылдың 12 маусымынан бері алып тұрған алғашқы ұпайы. Жолдастық кездесулерді есептемегенде 2019 жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойындарында Босния және Герцоговина құрамасын 2:0 есебімен жеңгеннен кейін біздің қыздар қатарынан 20 рет жеңіліп, антирекорд орнатқан еді.

Ескере кетер жайт, Ұлттар лигасында ойнап жатқан Қазақстанның әйелдер құрамасына Эстониядан бөлек, Армения және Израиль қыздары бір топқа түскен еді.