Жаңалықтар - 23.09.2023

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Короліне хат жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өз атынан Қос киенің сақшысы Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудты Сауд Арабиясының Ұлттық күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

«Бүгінде еліңіз – саяси тұрғыда іргесі берік, экономикасы тұрақты, Таяу Шығыстағы үлгі тұтар мемлекет, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі. Алдағы уақытта Сіздің басшылығыңызбен Корольдіктің дамуы баянды, мерейі әрқашан үстем болуына тілектеспін», – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Қазақстанның Шығанақтағы сенімді серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен жоғары деңгейдегі саяси диалогқа негізделген қарым-қатынастар одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.