Әлем - 23.09.2023

Таулы Қарабақ: АҚЕС алаңдаушылық білдірді

Страсбург атыстың тоқтатылғанына қарамастан, Таулы Қарабақта адам құқығының аяқасты болып жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО сайты.

Адам құқығы жөніндегі еуропалық сот Әзербайжан билігіне Таулы Қарабақта адам өлімі мен азаптау секілді кез келген заңсыз әрекетке бармау керектігін айтуда.

«Мұндай шешімге Армения тарапы білдірген өтініштің негізінде келіп отырмыз. Атыс-шабыс тоқтады десек те, адам құқығының әлі де аяқасты болып жатқанына алаңдаушылық білдіреміз» дейді ресми АҚЕС.

Қазіргі уақытта егемендігі мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы мен Баку арасында алғашқыларының Әзербайжан құрамына енуі туралы келіссөз жүріп жатыр. Ең алдымен әскери іс-қимылды тоқтатып, жергілікті тұрғындарды үйлеріне қайтару жағы қарастырылуда.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян өңірдегі жағдай ауыр болса да, жақсылықтан үмітті екенін айтты. Дегенмен ол сол жерге қоныстанған армян өкілдерін көшіріп әкетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ал Ереванда оппозиция жаппай көшеге шығып, орталық көшелерде тәртіпсіздіктер болуда. Пашинянның қарсыластары Таулы Қарабақты оп-оңай бере салғанына наразылық танытып, оның отставкаға кетуін талап етіп-ақ жатыр.