Атырау қаласындағы су құбырларында 67 бұранда мен ысырма ауыстырылды

Бұл туралы «Атырау Су Арнасы» КМК директорының өндіріс бойынша орынбасары Ғасыржан Лекеров мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ғ.Лекеровтің айтуынша, бұл іс-шаралар сумен жабдықтау желілеріндегі апаттық жағдайлардың санын және техникалық су ысыраптарының көлемін азайту мақсатында жүргізілуде. Сондай-ақ, өңдеу жұмыстары жүріп жатқан мөлтек аудандарды атап өтті.

— Су құбыры желілеріне 19 бірлік Д-100 мм. бұранда Қызылбалық, Жұмыскер ауылдары, Ширина, Сарықамыс, Балықшы ықшамаудандары мен Құрманғазы көшесінде орнатылды. Сонымен қатар, 13 бірлік көлеміндегі Д-150 мм. бұранда ауыстыру жұмыстары Мирный, Балықшы, Жұмыскер елді мекендері мен Құрманғазы көшесінде атқарылды. Оған қоса, 17 бірлік көлемінде Д-200 мм. бұранда Мирный, Тұрғындар қалашығы, Азаттық даңғылы мен Баймұханов көшесіне орнатылды. Сонымен қатар, 5 бірлік Д-250 мм. бұранда Нұрсая, Мирный, Өркен-2 ықшамауданы мен  С.Бейбарыс даңғылы бойында жасалды,- деді Ғ.Лекеров.

«Атырау Су Арнасы» КМК өкілінің айтуынша, күз және қыс айларына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, ұзындығы 64 метрді құрайтын су құбырларына, апатты кәріз учаскелеріне және су ұңғымалары мен кәріздік құдықтарға жөндеу және кеңейту жұмыстары өткізілген. Сондай-ақ, сорғылар,  бұрандалар мен қақпақшалар ауыстырылды. Жылу құбырларындағы ажыратқыштар қайта қаралып, жылу алмастырғыштарды тазалау, бетон қақпақтарын және су құбыры мен кәріз ұңғымаларын жабу жұмыстары жүзеге асқан.