Танысын тонаған азамат ұсталды

Полиция департаменті мен Атырау қаласы Полиция басқармасының жедел уәкілдері 28 тамыз күні Атырау ықшамауданындағы үйдің бірінен 14 200 АҚШ доллары мен бірнеше қымбат бұйымдар ұрлады деген күдіктіні анықтады.
47 жастағы азамат өзі араласып жүрген танысының үйіне еркін кіріп, ол жерден 14 200 АҚШ доллары мен бірнеше зергерлік бұйымдарды ұрлап, үйге ұрылар түскендей көрініс жасаған. Алдымен пластикалық терезені ығыстырып, бөлмедегі темір сейфті аулаға лақтырып, басқа да заттарды шашқан. Сосын жұмыста отырған үй иесіне үйлеріңе ұрылар түсті деп қоңырау шалыпты.
Оқиға орнына келген тергеу тобының жедел уәкілдері бірден бірқатар сәйкессіздіктерге назар аударып, үйге түскен ұрылардың зергерлік бұйымдардың бір бөлігіне, сондай-ақ, доллардың қасындағы 1,5 миллион теңге ірі ақшаға тимегеніне күдікпен қараған.
Ойландыратын сәйкессіздіктерді көріп, тәріп сақшылары үй иесіне қоңырау шалған таныстарын қайта тексеру кезінде 1973 жылғы азаматтан қолды болған зергерлік бұйымдар мен ұрланған ақша табылды. Қазіргі уақытта ҚК-тің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.