Бетперде үшін айыппұл азаюы мүмкін

Айыппұл мөлшері 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.

ҚР Әділет министрлігі медициналық маска тақпағаны үшін азаматтарға салынатын айыппұл мөлшерін 30 есеге – 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Мұндай норма ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында орналастырылған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының тұжырымдамасында жазылған.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін уәкілетті органдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 340 теңге, бизнес субъектілері үшін кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 230 АЕК-тен (638 940 теңге) 1,6 мың АЕК-ке дейінгі (4 444 800 теңге) көлемде айыппұл сала алады.

– Медициналық маскаларды міндетті түрде тағу бөлігінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері азаматтар үшін мүмкін емес және қайта қарауды талап етеді, – делінген құжат мәтінінде.

Сондықтан, ӘҚБтК-нің тиісті бабында құқық бұзушылықтың мұндай құрамын жеке бөлікке шығару және бірінші рет 1 АЕК немесе 2 778 теңге мөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзған жағдайда – 2 АЕК немесе 5 556 теңге мөлшерінде айыппұл белгілеу ұсынылған.