Медициналық қызметкерлерге өтемақы төленіп жатыр

Вирус жұқтырған 598 қызметкерге 2 млн. теңгеден өтемақы төленді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

— Індет басталғалы бері дәрігерлеріміз күндіз-түні жұмыс істеуде. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Медицина мамандарының еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Президенттің тапсырмасы бойынша бір реттік төлем және жалақыларына қосымша үстемеақы төленуде. Жалпы шілде айында 25 млрд. теңгеге жуық өтемақы төленді. Мұндай қолдауға 78 364 маман ие болды. 17-тамыздағы мәлімет бойынша жұмыс барысында вирус жұқтырған 598 қызметкерге 2 млн. теңгеден өтемақы төленді, — деді ол.

Ресми өкілдің айтуынша, қазіргі уақытта барлық аймақта арнайы құрылған комиссия өтемақы бойынша өтініштерді қарастырып жатыр.

— Індет жұқтырып науқастанған мамандарымызға және вирус жұқтырып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің туыстарына өтемақы төлеуге өтініштер әлі де қабылдану үстінде, — деді Қожахметов.