Тойхана иесі: тойға мораторий – қисынсыз идея

Күллі әлем коронавирустың тезірек жойылып, тіршіліктің бұрынғы қалпына қайта келуін асыға тосуда. Кей мемлекеттер ауруды ауыздықтап жатса, медицинасы мен соған қатысты басқа салаларын жемқорлық жайлаған елдердің статистикасы көңіл көншітпейді.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайдың соңы созылмалы карантинге әкеліп, экономикамыз тұралап, бірнеше кәсіп түрлері тоқырауға ұшырады.

Тіпті, таусылмастай болған тойға да тоқтам айтылып, тойханалардың қаңырап қалғанын көріп жүрміз. Бұл салаға да толқындай соққан қиын жағдайдың қашанға дейін барарын дөп басып ешкім айта алмайды. Дегенмен, ебін тауып есі асап үйренген елдің жабық аулада жасырын думан ұйымдастырғанын естіп те, оқып та жатырмыз.

Осы себепті, әр демалысы тоймен өтетін мейрамхана иелері, асаба, әншілердің қазіргі жағдайы қалай екенін білгіміз келіп, қаламыздағы той иелері, кәсіпкерлер мен асабаларға хабарласқанбыз.

– Кәсібім төтенше жағдай жарияланғалы тоқтап тұр. Жұмыс жоқ. Қол астымда жасайтын 10 шақты қызметкерім бар еді, олар да қазір жұмыссыз отыр. Бәріміз бір-бір үйдің асыраушысымыз. Үкіметтен ешқандай жеңілдік те, көмек те көрмедік. Ел қатарлы 2 ай ғана алған  42 500 теңге отбасым түгілі өзіме жетпеді. Қазіргі жағдайымыз қиын. Той атаулыға мораторий жариялауға өз басым қарсымын. Тойханада той немесе  басқа да  шаралар жасатпайтын болса, қалай күн көреміз? Осыдан басқа отбасымды асырайтын кәсіп те жоқ. Карантин талаптарына лайықтап ісімізді басқа бағытта айналдыру үшін қаншама уақыт пен қаражат қажет?! – дейді кәсібі тоқтап тұрған кәсіпкер Гүлшат Бисешова

– Біз тойды төтенше жағдай жарияланғаннан бұрын жоспарлап, мейрамханамен келісіп қойғанбыз. Одан карантин енгізілгеннен кейін басқа уақытқа ауыстыруға тура келді. Төтенше жағдай алынғаннан кейін тойды жасауға рұқсат беретін болар деп үміттеніп, күткенбіз. Онымен әлі рұқсат жоқ. Мейрамханадағы той түгілі, шарбаққа шағын той жасауға да, үйден туған-туыстармен қызымды шығарып салуға да болмай отыр. Жалпы, елдегі жағдайға байланысты бәрін түсініп отырмын. Заңнан аттап ештеңе жасамаймыз. Жағдайдың тұрақталғанын күтуден басқа амалымыз жоқ. «Тойларға мораторий жариялау керек» деп ұсыныс тасталғанын білемін. Мүлде той жасатпай тастауға болмайды.  Тек адам санына шектеулер жасап, артық шығынды алып тастап, қуанышымызды ет-жақын жандарымызбен бөлісуге мүмкіндік берсе нұр үстіне нұр болар еді, – деген ой тастады қыз ұзатудың уақытын 3 мәрте өзгерткен той иесі Гүлшара Қуанышева.

– Біріншіден, қазір той деп шулап, құлқымызды ойлаудан аулақпыз. Алла жеңілдігін беріп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, той да өз орнымен бола бермек. 11 жыл бойы тек асабалықпен күн көріп келсем де, той болмай қалса аштан қаламын деп ешқашан ойламаппын. Қол-аяғымыз сау, «екі қолға – бір күрек» демекші, басқа жұмыс жасап та нан табуға болады. Ал «Тойға 5 жыл шектеу қою керек» дегендердің ниетін түсінбедім. Қазір халық бұл жағдайдан көп сабақ алды. Енді болатын тойлар бұрынғыдай болмайды. Адам санын шектеп, ашылып-шашылмай, көрпелеріне қарай көсілетін болады. Тек «Той болмасын» деп жамандық шақырмайықшы дегім келеді, – деп ағынан жарылды 11 жыл бойы тек асабалықты кәсіп қылған Шалқар Оңайбаев.

Жақында ғана президентіміз Қ.Тоқаев «Қазір той толап, әндетіп жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүретін әдетімізден арылумыз қажет. Бұл дәуір  –  той қуалайтын емес, ой қуалайтын ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген еді. Сол кісі айтқандай, жаңа дәуірге көшу үшін бір ескі әдетті құрбан етіп, өзгеруге тырыссақ бәрі оңымен болады деген үміттеміз.

 

Эльнара Оралова,

Атырау қаласы