«Таза Қазақстан» жедел профилактикалық шарасы жалғасуда

Атырау полицейлері Экология департаментінің өкілдерімен бірлесіп, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Бұл туралы Атырау полиция департаменті хабарлады.
31-шілде — 3-тамыз күндері Атырау қаласы аумағында полиция қызметкерлері су қоймалары маңайларындағы азаматтардың жаппай келу орындарында 132 құқық бұзушылықты анықтаған. Деректердің басым бөлігі Жайық жағалауында белгіленбеген жерлерде суға түсу.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша тәртіп сақшылары осы үш күнде 111 хаттама толтырған. Құқық бұзғандардың оннан астамы масаң күйде суға түсіп, жағалауда алкогольдік ішімдіктер ішкен.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру» бойынша 15 хаттама жасақталса, ҚР ӘҚБтК 434-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша 3 құқық бұзушыға хаттамалар рәсімделіп, жауапкершілікке тартылды.
Сонда-ақ, полиция қызметкерлері Индер ауданындағы Тұздыкөл аумағында, аудан орталығындағы Жайық жағалауларында 7 әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтады.
Аталмыш шара 30-тамызға дейін жалғасады.