Сотталғандар да көмек көрсетіп жүр
Атырауда сотталғандар дәрігерлер мен науқастарға көмек көрсетіп жүр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Пандемиямен күрес кезінде Атырау облысының тұрғындары қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Солардың ішінде Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар да бар. Олар науқастар мен дәрігерлерге көмектесіп жүр.
Жылыой ауданының тұрғыны А.С. есімді азаматшаның жазасы кейінгі қалдырылғандықтан аудандық Пробация қызметіне есепке алынған. Жылыой аудандық орталық ауруханасының, аудандық Полиция бөлімі мен аудандық жедел-жәрдем стансасы қызметкерлерін және ем алып жатқан науқастарды ыстық тағаммен қамтамасыз етуде.
– Тағам дайындау кезінде санитарлық талаптарды естен шығармай, әрқайсын бөлек-бөлек ыдысқа салуды жөн көрдім. Осылайша 36 науқасқа ет, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері үшін бір қазан палау дайындадым. Сусынды да ұмытпадық. Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген мамандарға көмектесу – қоғамның әр мүшесінің парызы деп білемін, – дейді қайырымдылықпен айналысып жүрген А.С.
Осындай ерікті іс Индер ауданында да қайталанды. Аудандық Пробация қызметінде есепте тұрған 56 жастағы Нұрғали Индер аудандық ауруханасында ем алып жатқан науқастар үшін бір сиырын сойып, 200 келіден астам ет таратқан.
– Науқастардың құнарлы етпен тамақ ішкенін қаладым. Өйткені, коронавирус та, пневмония да адам иммунитетін әлсіретеді. Қажет болса тағы да көмектесуге дайынмын, – дейді Нұрғали.
Айта өту керек, наурыз айынан бері Пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтан шыққан азаматтарды азық-түлікпен және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен еді.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз-қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша Пробация қызметінің есебінде 800-ден астам сотталған есепте тұр.