Ауруханаға көмек берілді

№2 Атырау облыстық ауруханасы тағы да медициналық құрылғылармен толықты, — деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Құс жолы» қайырымдылық қорының демеушілігімен ауруханаға 10 оттегі концентраторы алынған.
Аурухана директорының айтуынша, ем қабылдап жатқан науқастардың 90 пайызы өкпені жасанды желдетуге тәуелді болады екен. Бас дәрігер қазіргідей қиын шақта жомарттық танытқан қор құрылтайшылары мен жомарт азаматтарға алғысын білдірді.
— «Құс жолы» қайырымдылық қоры науқастарға үлкен көмек беріп жатыр. Оттегі концентраторы ауадан оттегі жасап, науқастардың тыныс алуына көмектеседі. Әлемді жаулаған кеселмен күресуде халықтың ынтымақ-бірлігінің маңызы зор. Бәріміз бұл кеселмен бірлесіп күресуіміз қажет, — деді №2 Атырау облыстық ауруханасы директоры Мағжан Сиджанов.
«Құс жолы» қорын кезінде «Қазкоммерцбанк» жанынан елімізге белгілі қаржыгер Дәулет Сембаев құрған.