Министр өңірлерді дәріге қарық қылмақшы

Апта сайын қажетті дәрі-дәрмек аймақтарға жеткізілетін болады. Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясы барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты.
— Қазіргі таңда Үкімет амбулаторлық және стационарлық деңгейде азаматтарды дәрімен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты тиісті шараларды қолға алды. Жекеменшік дәріханаларға келер болсақ, қазір амбулаторлық жүйеде ең қажетті препараттарды жеткізу үшін Үкімет бірнеше ұшақ бортын ұйымдастырды. Біз дене қызуын түсіретін, антибактериалды, вирусқа қарсы 21 дәрі түрінің тізімін жасадық және жаппай дистрибюторлар және отандық өндірушілермен жиналыс өткіздік. Нәтижесінде шілде айының соңына дейін әр апта сайын бірнеше рейс арқылы бөлшек сауда нарығын қамтамасыз ету үшін препараттардың бір айлық қажетті көлемін әкелеміз деген келісімге келдік. Өткен сенбіде Ресейден екі борт келді, 3 миллионнан астам қорап дәрі әкелінді. Оның барлығы аймақтар мен үш ірі қала аралығында тең бөлінді. Сонымен қатар, бүгін Үндістанның Дели қаласынан тағы бір рейс келеді. Онда амбулаторлық көмекке қажетті дәрілік заттар бар. Ертең, арғы күні Ресейге және Үндістанға тиісті препараттар алдырту үшін екі борт жіберіледі, — деп мәлімдеді Людмила Бюрабекова.