Жұқпалы вирустан қорғанудың жолы бар

Пандемия жағдайында тұмау «Сovid-19» жұқпасымен қатарласып өтуі мүмкін. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
№2 Атырау қалалық емханасының отбасы денсаулығы бөлімінің меңгерушісі Бексана Мағауияның айтуынша, жедел респираторлық вирустық жұқпа ауа арқылы таралады. Сондықтан маусымдық жұқпадан ешкім қорғалмаған. Осындай кезде балалардың иммунитетін көтеретін құрамында С дәрумені бар тағамдарды көбірек қолдану керек. Иммунитеті әлсіз бала мен егде жасқа келген үлкен кісілердің тұмауға қарсы екпе алып, көпшілік жерге бармағаны дұрыс.
15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында облыс бойынша емханаларда тұмауға қарсы екпе салу жүргізілуде.
Тегін екпені медицина қызметкерлері мен медициналық бақылауға жататын балалар, 6 айдан асқан көп ауыратын, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және сәбилер үйінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі әйелдер және жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар науқастар ала алады.