Биыл 1 118 трактор мен 736 комбайн құрастырдық⁩

Биылғы 8 айда отандық кәсіпорындар 1 118 трактор және 736 комбайн құрастырды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы машинасын жасау өндірісінің көлемі 2019 жылдың қорытындысында 122,4 млрд. теңгеге жетіп, 1 849 трактор мен 791 комбайн шығарылған. Биылғы 8 айдың қорытындысында отандық кәсіпорындар 20,3 млрд. теңгеге 1 118 трактор және 34,7 млрд. теңгеге 736 комбайн құрастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе артық.
Аталған ведомство отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру мақсатында тракторлар мен комбайндарға жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыруда. Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша техника құнының 15% бастапқы жарнасымен 7 жылға 7%-бен лизинг алушыға қаржыландыру ұсынылады. 2018 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге, 2019 жылы 3,5 млрд. теңге және 2020 жылы 6,5 млрд. теңге бөлінді. Саланы әрі қарай қолдау мақсатында жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы тракторлар мен комбайндарға 2021 – 2025 жылдарға 13,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлу ұсынылып отыр.