Колледж заманауи техникалармен жабдықталуда

О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі студенттердің оқуы үшін арнайы заманауи техника мен жаңа технологиялармен жабдықталуда. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жыл Н.Назарбаевтың қолдауымен «Жастар» жылы болып жариялануына байланысты техникалық және кәсіптік білім беру саласында «Жас маман» бағдарламасы жасақталған. Негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру орындарын модернизациялау, материалды, техникалық базаны жаңарту.
О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры Ислам Жанұзақовтың айтуынша, жоба бойынша жұмыс ең алдымен сатып алынатын құрал-жабдықтар тізімін бекітуден басталған. Одан кейін мемлекеттік сатып алу процедурасы бойынша жарияланып, бүгінгі күні жабдықтардың 90 пайызы сатып алынды. Қалған жабдықтар бойынша келісім-шарт жасақталып, жеткізу күтілуде.
Барлық келген құрал-жабдықтар бойынша мамандар оқытылып, толықтай сертификатталған. Атап айтқанда, колледж суденттері трактор, комбайн жаттығу құралдары, әрлеу машиналары, шағын жүк тиегіш, ағаш өңдеу станоктарында жұмыс жасауды үйренеді.