Атыраудан 504 жас әскерге аттанды
Жыл басынан бері облыстан 504 адамның әскерге жіберілгенін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Айдос Аманғалиев ӨКҚ-де өткен онлайн брифингте мәлімдеді.
Биыл облыста 669 адамның мойнына әскери міндет жүктеліп, қазір оның 504-і азаматтық борышын өтеуге аттанған.
— Жастарды әсіресе, ер азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың болмыс-бітіміне батылдық пен жауапкершілік сезімін сіңдіре білу өте маңызды. Осы орайда өңіріміздің азаматтарын мерзімді әскери қатарына шақыру жұмыстары маңызды рөл атқарады, — деді Айдос Аманғалиев.
Әскерге шақырушылар оқу орындарын аяқтамай әскер қатарына жіберілмейді. Тек өз еркілерімен оқу мерзімдерін уақытша тоқтатқан азаматтар әскери қызметке шақырту ала алады.
Сондай-ақ, бүгінде әскер қатарына орта, арнаулы орта және жоғары білімі бар азаматтар шақырылуда.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Айдос Аманғалиев физикалық дайындық пен моральді-психологиялық дайындықтан бөлек, білімнің де әскер үшін өте маңызды екенін атап өтті.