700-ге жуық жас әскерге аттанады

Атырауда күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 700-ге жуық жасты әскерге шақыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының бастығы майор Айдос Аманғалиевтің айтуынша, әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге жөнелту алдында міндетті түрде ПТР-тест әдісімен коронавирусқа қарсы зертханалық зерттеу жүргізіледі. Бөлімге келгеннен кейін жас толықтырушылар екі апталық карантинге орналастырылады. Сондай-ақ, медициналық тексеру жүргізіліп, әскерге шақырылушының әлеуметтік-психологиялық мәртебесі белгіленеді.
Әскерге шақырылушыларды іріктеу мен бөлу барысында денсаулық жағдайы, олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріліп, физикалық дайындығы жоғары, моральдық және психологиялық тұрғыдан төзімді жастар Теңіз жаяу әскерлерінің, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелеріне бара алады.
Қазір коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін жинақтау пункттерінде медициналық бекеттер орнатылған. Сонымен қатар, облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілді. Әскерге шақыру комиссиясының мүшелерінің мәліметінше, соңғы жылдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын толықтыруға ниет білдірушілер саны өскен.