Әскерге шақыртылған 300 мың азаматтың 260 мыңы жарамсыз

Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов әскери-патриоттық тәрбие жұмысын күшейту керектігін және қанша болашақ сарбаздың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамды екенін айтты. Бұл туралы БАҚ.КЗ хабарлады.
Оның айтуынша, мемлекеттің әскери-патриоттық тәрбиеде заман сұранысына сай өз көзқарасы мен өз педагогикалық, сондай-ақ, болашақ сарбаз тәрбиелеудегі методикалық төл тәсілдері қалыптасуы керек.
– Бүгінгі күні жыл сайынғы əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Әскер қатарына шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес. Әскери қызметке шақырылудан жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ал Үкіметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскерінің беделін көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын, – дейді Нұржан Нұрсипатов.