50 орындық провизорлық стационар ашылмақ

Атырауда қосымша 50 орындық провизорлық стационар ашылады. Бұл туралы бүгін Атырау облысы əкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың төрағалығымен медициналық мекемелер басшылары  қатысқан жиында айтылды.

Қазіргі аймақтағы ахуалдың күрделілігіне байланысты жиында облыс басшылығы қосымша инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационар ашу мәселелерін қарастырып жатқаны мәлім болды.

— Бірінші кезекте облыстық аурухана жанынан 50 орындық провизорлық стационар ашылып, онда КВИ-ге алынған тест нəтижесі теріс көрсеткендер бақыланады. Сондай-ақ, жетіспей жатқан ИВЛ аппараттары ​ демеушілер көмегімен алынады.

Сонымен бірге, ТШО мен «Каспиан медикал» клиникасымен келісе отырып, сынама алуға арналған қосымша зертхана жасақталғанын атап өткен жөн.

Ең басты мәселе — Атырауда дәрігер мамандардың жетіспеушілігі.

Кадрлар, соның ішінде реаниматолог мамамандар, ивл аппаратын қоятын мамандар жоқ. Осыған орай, жекеменшік ауруханалардан көмек сұралып жатыр, — деді әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Ал Нұрлан Таубаев та меншіктік емханаларды тартыншақтай бермеуге шақырды. Ол қазір аймақтағы ахуалды ескере отырып, халыққа жанашырлық танытатын уақыт келгенін, мамандарды бірге жұмыс істеуге шақыратынын айтты.