Облыс бойынша шектеулер енгізілді

Облысымызда 27-29 маусым күндері қосымша шектеу енгізіледі. Бұл өзгеріс өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген.
— 2020 жылдың 27 маусымы сағат 00:00-ден бастап 29 маусым 00:00-ге дейін Атырау облысының аумағында қосымша шектеу шаралары енгізілсін. Айрықша қажет болған жағдайды қоспағанда, азаматтардың қозғалысына тыйым салынсын. 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға болмайды. Сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, азық-түлік және азық-түлік емес базарларының, азық-түлік және азық-түлік емес сауда желілерінің қызметі тоқтатылсын. «Үйде орналасқан дүкендердің» жұмыс уақыты 10.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады. Үйге дейін жеткізіп беретін қоғамдық тамақтану орындарын қоспағанда, барлық қоғамдық тамақтану нысандары, фитнес-орталықтар мен басқа да спорттық нысандар, сән салондары, шаштараздар, СПА-орталықтар мен салондар, қоғамдық монша, бассейндер, сауналардың жұмысы тоқтатылады, — делінген бас санитардың қаулысында.
Облыс орталығының тұрғындарына парктерге, саябақтарға, жағалауларға, жағажайларға және басқа да демалыс орындарына баруға рұқсат етілмейді.
Осы күндері қоғамдық көліктер де жүрмейді.