Парацетамолдың пайдасы бар-жоғын айтты

Аса қажет болмаса да, тұрғындардың дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алып жатқаны қалада дүрбелең туғызып жатқан көрінеді. Бұл туралы Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсеновтың айтуынша, тұрғындар белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқтырудың алдын алады немесе ауру салдарын азайтады деген жалған ақпараттарға сеніп жүр.
– Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір саны 1000 данаға дейін жетеді. Көпшілік туыстары мен достарының немесе WhatsApp желісіндегі жалған хабарламалардың әсерінен дәрі-дәрмектерді ауырғанда емес, алдын-ала сатып алады. Бүгінде «аса қауіпті дерттің бетін қайтару үшін парацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат таралып кетті. Карантин кезінде зімбірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Дегенмен біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала алмаймыз, өйткені, біраз адам ауылдық жерлерден келіп алып жатады. Қазіргі уақытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұрынғыдан да көп мөлшерде тапсырыс беруге тырысып жатырмыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – деді Руслан Сәрсенов.
Облыстағы ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы емдік шараларға дәрігер нұсқау бермеген жағдайда ол дәрілердің пайдасыз немесе денсаулыққа қауіпті екендігін ескертеді.