Түрмеде табысталған аттестат

Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ерлерге арналған УГ-157/9 және әйелдерге арналған УГ-157/11 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 18 жас мекеме ішіндегі мектепті бітіріп, жалпы орта білім алғаны туралы аттестатты қолдарына алды. 

Орта мектепті бітіргендердің ішінде жасы 40-тан асқан адамдар да бар. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында түлектерге аттестатты мекеме басшылығы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып табыстады.

Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сай, сотталғандарға орта білім алу міндеттеліп, жасы 30-дан асқандар арасында сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Тіпті, 30-дан асқан сотталғандар арасында да аттестат алмағандар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады.

Жалпы, жазасын өтеушілер тарих, география, құқық пәндеріне ерекше ынталы болып келеді.