Қазақстандық вакцина клиникалық зерттеле бастады

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы «QazCovid-in» вакцинасын клиникалық зерттеу басталды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, вакцинаны клиникалық зерттеу 18 – 50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысса, иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.
Институтқа клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден 688 өтініш келіп түскен. Клиникалық зерттеулер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК және «Сentre for Clinical Medicine and Research» ЖШС-де өтеді.