Назарбаевты сынаған экс-басшы 11 жылға сотталды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 2 ай мерзіміне бас бостандығынан айырылды.

Көрші елде қылмыс әлеміне танымал Азиз Батукаевтың түрмеден себепсіз босатылуына байланысты іс көтеріліп, оған бұрынғы президенттің қатысы бары анықталған еді. Бұл қылмыс бойынша экс-басшымен бірге 19 экс-шенеунік жауапқа тартылып, оның 14-і тергеуге өз еркімен көмектесетінін айтқан.

Мемлекеттік айыптаушы Атамбаевқа 15 жылмен қосып дүние-мүлкін тәркілеуді сұрағанмен, сот өтінішті толық қанағаттандырмай, 11 жыл 2 ай және дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.

Естеріңізде болса, Қырғызстанның бұрынғы президенті билік басында болған жылдары Қазақстан мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты бірнеше рет сынаған еді.