Орта Азия елдерінің басшылары Арал тағдырын талқылады

Орта Азия елдерінің басшылары Арал тағдырын талқылады

«Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Аралды құтқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысына қатысты» деп хабарлайды «Батыс-Инфо».

Бұл туралы Президенттің ресми сайты «Ақ Ордада» жарияланды.

Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың құрылғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды? Аталмыш ұйым Арал теңізінің тағдырына қалай әсер етіп жатыр? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде Орталық Азия елдерінің басшылары кеңестің кезекті отырысында талқылады.

Орталық Азия елдерінің басшылары бұл мәселені 3 жылда бір жиналып, зерделеп келеді. Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорға соңғы 3 жыл қатарынан Тәжікстан төрағалық етті. Тәжік басшысы Эмомали Рахмонның сөзінше, осы уақыт ішінде ұйымға 655 млн. доллар инвестиция тартылып, ол Біріккен Ұлттар Ұйымына бақылаушы ретінде тіркелді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жетістіктер үшін әріптесіне алғыс білдіріп, қор жұмысын жандандыруға сеп болатын жаңа бағыттарды атады. Ең алдымен ұйымнның құқықтық базасын тездетіп жетілдіру  мен оны одан ары-бері көшіре бермей, бір елге орналастыру туралы ұсынысын айтты.

— Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді. Біздің бұл кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақытылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін, — деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің тағы бір ұсынысы – Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақмерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру.

— Сонымен қатар біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің өңірдегі Сырдария мен Әмудария секілді 2 негізгі өзен арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді, — деді Президент.

Аса маңызды бастамалардың бірі ретінде Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру мәселесі де талқыланды.

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқарушы комитеті төрағасы Султон Рахимзода Орталық Азия елдері бойынша  қазір бір гектар жерге 15 мың текше метрге дейін су пайдаланылып отырғанын сөз қылды. Оның айтуынша, әлемде бұл көрсеткіш 2 есеге төмен.  Ал, үнемдеу технологиясын қолданатын елдерде 1 гектар жерге су пайдалану 5 мың текше метрден аспайтын көрінеді.

Аралдың жартысы Өзбекстанға тиесілі болғандықтан, олар да теңіздің тағдырына алаңдаулы. Шавкат Мирзиеевтің сөзінше, соңғы жылдары Аралдың құрғап қалған 1,5 млн. гектардан астам табанына ағаш отырғызылған. Дәл мұндай жұмыстар Қызылорда облысында да жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұл қорға 2024 жылдан бастап Қазақстан тарапы төрағалық етеді. Ал 2026 жылы Аралды құтқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысы елімізде ұйымдастырылмақ.