Әлеумет - 18.09.2023

Үкіметте «Қарызсыз қоғам» жобасы талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Қарызсыз қоғам» жобасының тәжірибесін тарату бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Жоба барысы туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев баяндады. 2023 жылдың 11 қыркүйегіндегі жағдай бойынша еліміздің сегіз өңірінде 40 463 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқуды аяқтады. Оқығандардың басым бөлігі Түркістан облысында, ең азы Атырау облысында. Олардың үштен бірінен астамы көп балалы аналар.

Барлық қатысушылардың 67,8%-ының несиесі бар. Ал, 90 күннен астам мерзімі өткендер – 9,2%. Отбасының жалпы орташа табысы 100 мың теңгеге дейін жететіндері — 35,9%. Ай сайынғы несие төлемі 100 мың теңгеге дейінгі азаматтар – 43%.

«Жобаға қатысушылардың басым бөлігінің несиесі бар және олардың мерзімі өтіп кеткен, алған несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл жағдайдың басты себебі – халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі. Оқу курсы барысында жобаға қатысушылардың 82%-дан астамы алынған несиелер бойынша артық төлем сомасы және жоғары пайыздық мөлшерлеме бар екенін оқып жатқанда ғана білді. Жалпы, төрт айдың ішінде «Қарызсыз қоғам» жобасы жоғары нәтиже көрсетіп, халық тарапынан оң бағаланды. Халық партияға жобаны кеңейту туралы өтінішпен жүгінуде» — деп, атап өтті партия хатшысы.

Сонымен қатар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту бойынша Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындады. Жобаны жүзеге асыру үшін Астанада орталық жобалау кеңсесі және қалған облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар 2 қалада облыстық жобалау кеңселері ашылады.

Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер аталмыш жобаның маңыздылығын атап өтіп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жобаны жүзеге асыру ісін ерекше бақылауға алып, барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ай сайын жобаның орындалу барысы туралы мемлекеттік органдардың есебі тыңдалады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны бүкіл ел бойынша кеңейту қажеттілігін атап өткен болатын.

«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық білікті көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.