Атырауда Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылды

Атырау халықаралық әуежайы алаңында совет-герман соғысының майдангері, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш ашылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.

1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысында дүниеге келген қазақтың ержүрек қызы Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ел басына күн туған сәтте ер азаматтармен бірге сапқа тұрды. Мәншүк, Әлия, Хиуаз. Ешкім оларды міндеттемеді. Жүрек қалауымен елдің болашағы үшін өз өмірін құрбан етті. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен елдің даму стратегиясында көрсетілген межелердің бірегейі – әйел қауымына үлкен құрмет көрсету. Сондықтан бүгінгі салтанатты шара барша аналарымызға, қазақ қыздарына соның ішінде бірегейі – Хиуаз Доспановаға құрмет болып табылады» деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Атырау Халықаралық әуежайы маңына орналасқан 2,30 метр ескерткіште Хиуаз Доспанованың соғысқа аттанған бойжеткен қалпы сақталған.

«Халық қаһарманы» 2008 жылы 20 мамырда өмірден өтті.